Ақтауда барлық деңгейдегі мәслихаттардағы депутаттардың «Нұр Отан» партиялық фракциясы мүшелерінің І облыстық форумы өтуде

None
АҚТАУ. Қаңтардың 29-ы. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Осы сағаттарда Ақтау қаласында облыстағы барлық деңгейдегі мәслихаттардағы депутаттардың «Нұр Отан» ХДП фракциясы мүшелерінің І облыстық форумы өтуде.
Жиын өткен жылдың қыркүйек айында ҚР Парламентінің IV сессиясының ашылуына байланысты Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан Президенті, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еліміздегі барлық деңгейдегі мәслихаттардың форумын өткізу жөнінде берген нұсқауы бойынша өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Форумды шақыру туралы қаулы партияның облыстық филиалының сейсенбі күні өткен Саяси Кеңесінің кеңейтілген мәжілісінде қабылданды. Форумның мақсаты ? депутаттық корпус өкілдері мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің партияның Халықтық тұғырнамасы негізінде дүниежүзілік қаржы дағдарысына қарсы шаралар жолдарын бірігіп талдау болып табылады. Негізгі тақырыпқа байланысты облыс әкімі, партияның облыстық филиалының төрағасы Қырымбек Көшербаев баяндама жасады. «Осыған байланысты облысымызда құрылған құрамында мәслихат депутаттары бар партияның ақпараттық-насихаттық тобы әлемдік дағдарыс салдарымен күрес шаралары туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Жұмыс барысында барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарына, аудан-қала әкімдеріне және партияның облыстық, аумақтық филиалдарына қарапайым тұрғындардан көп санды ұсыныстар келіп түсті. Аталған ұсыныстар нәтижесі бойынша партияның облыстық филиалында жұмыс жоспары жасақталып, тиісті басқармалар мен департаменттер басшыларына жолданды»,-деді партияның облыстық филиалының төрағасы.Форумға «Нұр Отан» ХДП хатшысы Сергей Громов, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Гүлнәр Сейтмағанбетова, облыстық, қалалық мәслихаттардағы партия фракцияларының депутаттары, аудан-қала әкімдері, партияның аумақтық филиалдарының төрағалары мен олардың бірінші орынбасарлары, облыстық басқармалар мен департамент басшылары, республикалық, облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысуда.