Ақтауда «Бәйшешек» балғын арулар байқауы өтті

None
АҚТАУ. 2 наурыз. ҚазАқпарат-  Ақтауда «Бәйшешек» балғын арулар байқауы ұйымдастырылды. Оған 5 пен 10 жас аралығындағы 16 кішкентай ару қатысты.

Байқау тапсырмалары бойынша әні мен биін, сән үлгілерін көрсетіп, актерлік шеберліктерін анықтау үшін ертегілердегі сүйікті кейіпкерлерді сомдаған өнерпаз арулардың таланттары таңдай қақтырарлық.

 «Сайысқа 23 бүлдіршіннің ішінен 16-сы іріктеліп алынды. Оларға 1 ай бойы сахна мәдениеті мен актерлік шеберлік әдістері үйретілді. Байқаудың мақсаты -аруларымыздың табиғат сыйлаған дарынын көрсету, сол арқылы талапты бүлдіршіндерді анықтап, жұртшылыққа таныту»,- дейді «Абай» атындағы мәдени-демалыс кешені бас директорының орынбасары Ақкенже Малаева.

 Қазылар алқасының шешімімен Х қалалық «Бәйшешек» байқауының бас жүлдесін Әмина Әбілқайырқызы жеңіп алды.

 Мұнымен қоса байқауда бақ сынаған барлық балғын арулар ұйымдастырушылардың атынан ақшалай сыйлыққа ие болды.