Ақтауда блогер қараусыз қалған ит-мысықты тамақтандырудың өзгеше жолын ұсынды

АҚТАУ. KAZINFORM — Ақтаулық Владислав Прохоров өзі ойлап тапқан радиомен басқарылатын ойыншық көлікті бейнекамера және арнайы табақшамен жабдықтап, қаңғыбас жануарларды қоректендіріп жүр.

Фото: Владислав Прохоров

Өңірдің қоғамдық коммуникация орталығының мәліметінше, қала тұрғынының бұл әрекеті көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленіп үлгерген.

Фото: Владислав Прохоров

— Бір жылдан астам уақыт бұрын иесіз қалған ит-мысықты күнделікті қалай тамақтандыратынымды көрсететін блог жүргізе бастадым. Бұралқы иттер мен мысықтардың таңсық әрекеті, қорегіне ауыз салмас бұрын жиі иіскейтіні мені таң қалдырды. Жануарлардың өз азығы үшін айла-қулығы түсірілім барысындағы ең қызықты кадрлар деуге болады. Менің мұндағы көздегенім — қоғам назарын иесіз жануарларға аударып, оларға қамқорлық жасауға үгіттеу. Әрекетімнің нәтижесінде адамдар қаңғыбас иттер мен мысықтарға тамақ беріп бастады. Мен үшін бұл үлкен көрсеткіш болып отыр, — дейді Владислав Прохоров.

Сондай-ақ, блог авторы ауру мысықтар мен иттерді емдейтінін айтып отыр.

Фото: Владислав Прохоров