2025 жылы прокуратура органдарының белсенді әрекеттері арқылы алимент алушылардың пайдасына 174 миллион теңгеден астам қаражат өндірілген. Борышкерлердің қарыздарын өтеу мақсатында бір пәтер және төрт автокөлік құралы тәркіленді.
— Борышкерлерден тәркіленген 4 автокөліктің екеуі сауда-саттық арқылы сатылып, берешектері өтелді. Қалған екі көлік алиментті өндіріп алушылардың атына жазылды. Борышкерден тәркіленген пәтер де сатылып, қарызы өтелді. Кірістерін жасырып, ата-аналық міндеттерін орындаудан жалтарған 52 борышкер әкімшілік жауаптылыққа тартылып, 19 борышкерге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оның тоғызы бойынша үкім шықты, — дейді Ақтау қаласы прокуратурасының сотта мемлекет мүдделерін білдіру бөлімінің бастығы Олжас Айтуар.
Сонымен қатар, прокурорлық қадағалау актілерінің негізінде мемлекет кірісіне әкімшілік айыппұлдар, мемлекеттік баждар және салықтық берешектерді қосқанда -108 миллион теңгеден астам қаражат өндірілген.
Бұған дейін, Қазақстанда борышкерлерді «Цифрлық бақылау» арқылы іздеу іске қосылған болатын.