Ақтауда бір мектептің бірінші сыныбына 7 жұп егіз қабылданды
АҚТАУ. KAZINFORM — Жаңа оқу жылында Қартбай Бекжанов атындағы № 10 мектептің бірінші сыныптарына 7 егіз оқушы қабылданды. Оның үшеуі қазақ сыныбына, қалғандары орыс сыныптарына барған.
Ақтау қаласының тұрғыны Жанна Хуснадинова Аделия мен Данелия есімді егіз қыздарын 1 жыл бойы даму орталығында оқытып, мектепке дайындаған. Сондықтан ол балаларының оқуды тез меңгеретініне сенімді.
— Аделия мен Данелия тату, көңілді қыздар. Әрқашан бір-біріне көмектесіп жүреді. Данелия пысықтау. Екеуі де көпшіл, тез тіл табысады, — дейді Жанна Хуснадинова.
Қартбай Бекжанов атындағы № 10 мектепте 2 мыңнан астам оқушы оқиды. 0-11 сыныптар арасында 30 егіз оқушы бар.
— Бұрын біздің мектебімізде мұндай жағдай болмаған. Биыл егіз оқушы көп. Бірінші сыныптарға 7 бірдей жұп егізді қабылдап отырмыз. Қазір мектепте 0-11 сынып аралығында барлығы 30 егіз оқиды. Олардың қатарында 10-сынып оқушылары Бейбарыс және Тамерлан Ахметжановтар бар. Бейбарыс Ахметжанов — мектепішілік парламенттің мүшесі. Егіз оқушыларымыз білімге құштар. Ұстаздарымыз оқушыларға сапалы білім және тәрбие беру үшін тынбай еңбек етуде, — дейді Қ.Бекжанов атындағы № 10 мектептің директоры Назира Ақбержанова.
Бұған дейін Ақтауға саяхатшы түрік отбасы келгенін жазған болатынбыз.