Ақтауда бүлдіршіндерден құралған ұрмалы аспаптар оркестрі сахнада өнер көрсетіп жүр

Фото: Г. Боранбаева

АҚТАУ. KAZINFORM – 3-5 жастағы ақтаулық бүлдіршіндер оркестрі көптің көзайымына айналды. Кішкентай өнерпаздар қолдан жасалған ұрмалы аспаптарды пайдаланады.

Облыстағы тұңғыш балалар оркестрі осыдан 2 жыл бұрын құрылған. Жетекшісі – 10 жылдам астам уақыт өңірдің білім беру саласында табысты әрі нәтижелі еңбек етіп келе жатқан маман Гүлбану Боранбаева. 2024 жылдан бері Ақтау қаласындағы «Ай-Наз» балабақшасында жұмыс істейді. Бүгінде балаларды музыкаға баулып, өнерге деген сүйіспеншіліктерін оятып жүр.

– Балабақшада музыка үйірмесінің жетекшісімін. Балаларға ән айту, ырғақты сезіну мен сахна мәдениетін үйретемін. Музыка – тек дыбыс емес, ол – эмоция, тәрбие, тәртіп. Балалар осы үндестікті сезініп өсіп келеді, - дейді.

Тәрбиеші балабақшаға келген балалардың дарынын бірден байқайтынын айтады. Әнге құмар жас таланттар тек аспапты ғана меңгермей, ән де айтады.

– Тәрбиешінің еңбегі баланың қабілетін дұрыс бағыттай білумен өлшенеді. Өйткені әрбір баланың бойындағы дарыны мен қызығушылығын дер кезінде байқап, дұрыс арнаға бағыттаса ғана, ол тұлға ретінде қалыптасады, - дейді Г. Боранбаева.

Оның кішкентай шәкірттері Астанада өтетін «Дара бала» жобасына арнайы шақыртылды. Сондай-ақ республикалық дарынды балалар сайысында аспаптар номинациясы бойынша жүлделі 2-орынды, халықаралық «New star» байқауында аспаптарда ойнап, бас жүлдені жеңіп алды.

Бұған дейін ең кішкентай дирижер Атырауда тұратынын жазған едік.