Ақтауда «Caspi Bike» веложарысы мен заманауи музыка фестивалі өтті
150 адам қатысқан велошерудің жалпы ұзақтығы 20 шақырымды құрады.
«Қатысушылар ерлер, әйелдер, 18 жасқа дейінгі балалар категориялары бойынша жарысқа түсті. Бір қызығы, велошеру қорытындысы бойынша ерлер мен әйелдер арасында жеңімпаздар ғана емес, сонымен қатар ең жүйрік отбасы анықталды», - делінген баспасөз мәліметінде.
Ерлер арасында бірінші болып мәреге жеткен Дмитрий Казаков 20 шақырымды 34 минут 30 секундта еңсерсе, оның жұбайы Евгения Казакова осы қашықтықты 34 минут 33 секундта жүріп өтіп, әйелдер арасында үздік нәтиже көрсетті.
Ерлер арасында Виктор Обулов – екінші орын, Михаил Алимов – үшінші орын алса, әйелдер арасында Ақмарал Алмабекова – екінші, Татьяна Елеференко үшінші болып мәре сызығын кесті.
«18 жасқа дейінгі жасөспірімдер» санатында Ержан Нұрқамал бірінші орын жеңіп алды. Ал Ринат Нұржау – ІІ орын, Еркінғали Нұрдәулет ІІІ орын иеленді.
Веложарысқа тек Маңғыстау облысының тұрғындары ғана емес, Ресейден, Башқұртстаннан келген қонақтар да қатысты.
Велошеру соңы «Teniz Music Fest» атты заманауи қазақ музыкасы фестиваліне ұласты.
Жалпы велошеру мен фестивальге 4 мың адам қатысты. Бұл іс-шаралар өңірдегі туризм маусымын ұзарту мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Еске салайық, өткен аптада 10 мың қонақ қатысқан «Balqaimaq food» фестивалі өткенін жазған едік.
Ал келесі аптада, яғни 22-23 қазан аралығында Саура және Тамшалы шатқалдарының аумағында плоггинг-шеру ұйымдастырылмақ.