Ақтауда егеуқұйрықтарды жою жұмыстары басталады

Фото: pixabay.com

Ақтауда егеуқұйрықтардың көбеюіне байланысты оларды жою жұмыстары  10 қазаннан бастап жүргізіледі. Бұл туралы Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігі. 

6 қазанда «Дератизациялық қызмет көрсету (егеуқұйрықтарды жою)» бойынша «Медик-Гигиенист» өндірістік кооперативімен келісімшарт жасақталған. 10 қазаннан бастап қала аумағында дератизация жұмыстары жүргізіледі.

«Дератизация «Самал» қонақ үйінен бастап Өмірзақ ауылы, Теңіз порты, Тазарту қондырғысы аумағы, «Приморский» массиві және 16, 17 шағын аудандарда жүргізіледі», - делінген баспасөз мәліметінде.

Ақтау қаласы әкімдігі тұрғындарды аталған аумақтарда сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады.

Ал санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшылығы егеуқұйрықтардың адамға зияны жоқ деп ойламау керегін айтады.

«Кеміргіштер аса қауіпті жұқпалы инфекциялық ауруларды таратушы болып табылады. Олардың қатарында туляремия, сальмонеллез, оба, құтырма және тағы басқалары бар. Егеуқұйрықтардың адамға зияны жоқ деп қателеспеу керек, ең қауіптісі кеміргіштер аш болса адамға шабуыл жасайтыны бар. Сондықтан да сақтық шараларына көбірек көңіл бөліп, абай болған жөн», - дейді Ақтау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық басқармасының басшысы Асима Жарылғасова.