Жиынға шенеуніктерден бөлек, Ақтау қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Асима Жұмабайқызы, полиция қызметкелері мен бөлім басшылары қатысты.
Асима Жұмабайқызы халық көп шоғырланған орталықтарда, қоғамдық тамақтану орындарында карантин режимін сақтау, мониторинг жұмыстарын күшейту, кәсіпкерлік субъектілерінің шектеу шараларын сақтауды қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды.
«Ақтау қаласында короновирус инфекциясының таралуының алдын-алу мақсатында сақтық шараларын қазірден бастауымыз керек. Мониторинг жұмыстары бар. Күн салқындаған сайын ауру белең алып келеді. Ақтауда бір күнде 15 адам тіркелді. Кәсіпкерлік субъектілері де шектеу шараларын ұстану қажет»,-деді Асима Жұмабайқызы.
Күн сайын қалада эпидемиологиялық режимнің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында шамамен 5 мобильді топ жұмыс істейді. Мониторинг топтары кәсіпкерлік субъектілерінде бетперде, антисептик, тазалықтың болуы, арақашықтықтың сақталуы бойынша сонымен бірге, қала тұрғындарының шағымы бойынша қарайды. Жиын соңында қала әкімі Нұрдәулет Қилыбай бөлім басшыларына жергілікті полициямен, эпидемиологиялық қызметпен бірлесіп қала тұрғындарының енгізілген шектеу шараларын сақтауын қамтамасыз етуді тапсырды.