Ақтауда халықаралық театр фестивалі аяқталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақтауда V Орталық Азия мемлекеттерінің халықаралық театр фестивалі мәресіне жетті.

Бір апта бойы өткен өнер додасында 9 театрдың қойылымдары тамашаланды. Оған 200 әртіс қатысты.

Қазылар алқасының шешімімен Маңғыстау облысы әкімдігі тағайындаған арнайы 1 млн. теңге жүлде Маңғыстау облыстық Н.Жантөрин атындағы театр ұжымына табысталды. «Ең үздік қойылым» Гран-при жүлдесімен Астана жастар театры мен Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры марапатталды. Сондай-ақ, әртістер түрлі аталымдар бойынша марапатталды. Атап айтқанда, «Үздік ер адам рөлі» Дәурен Серғазинға, (Астана) «Үздік әйел адам рөлі» Айнұр Бермұхамбетоваға берілсе, «Үздік актерлік ансамбль» аталымына Виолетта Власенко, Павел Ондрин, Игорь Вокулин (Астрахан) лайық деп танылды. Ал «Ең үздік дебют» Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына (Алматы), «Үміт» аталымы Қырғызстанның Шаршен Термечиков атындағы Шу облыстық театрына, «Қазылар алқасының арнайы жүлдесі» М. Ғафури атындағы Башқұрт мемлекеттік академиялық драма театрына бұйырды. «Екінші пландағы үздік рөлмен» Гюль Зиятова, Бану Манкеева, Айнұр Әбенова (Маңғыстау), «Актерлік дуэтпен» Аловуддин Абдуллаев пен Мехринисо Ходжибаева (Тәжікстан), Фарход Абдуллаев пен Мукаддас Халикова (Өзбекстан) марапатталды, деп жазады egemen.kz.