Істің материалдары бойынша, Иран тұрғыны Қазақстан шекарасынан өтіп, Ақтау теңіз портына келген. Ол ірі көлемде есірткі, нақтырақ айтқанда гашиш тасымалдаған. Есірткі затының мөлшері 348,22 грамм. Шетелдік тауарды өзінің танысына - Қазақстан азаматына өткізбек болған. Ол контрабандалық тауарды ҚР шекара бақылауынан жасырмақ болған.
Сот үкімімен Иран азаматы кінәлі деп танылып, оған 16 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Есірткіні сатып алушы 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Азат Ізбасаровтың айтуынша, аталған іс бойынша қылмыстық процес Маңғыстау облыстық көлік прокуратурасымен бірге жүргізілді.
Сот мәжілісінде «Ақтау теңіз порты» ЖШС-нің қызметкерлері қатысты. Үкім жарияланған соң Азат Ізбасаров ілкі жоба аясында үкімге түсініктеме беріп, кәсіпорын өкілдерімен профилактикалық әңгіме жүргізді. Ол аса ауыр қылмыс жасауға негіз болып отырған жәйттер туралы айтты.