Ақтауда қаптамасы опырылып түскен үй жөнделіп жатыр
Бұған дейін Ақтауда көпқабатты ғимараттың қасбеті құлап, газ құбыры бүлінгенін жазған болатынбыз.
Енді әкімдіктен бөлінген қаражат есебінен 169-үйдің сырты соңғы үлгідегі термопанельдермен қапталады. Қазір 16 жұмысшы құрылыс орнында күні-түні еңбек етуде. Жоспар бойынша 2 ай ішінде аяқталуы тиіс. Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін ажыратылған газ қайта қосылмай отыр. Сондықтан жұрт жұмыстың тезірек аяқталуын күтеді.
«Барлық көрші электр плитасын қолданып отыр. Жұмыстар 1-2 айдың арасында аяқталатынына қуаныштымыз. Бұйырса, әдемі үй болады деген үміттеміз», - деді мүлік иелері бірлестігінің басшысы Әлібек Дүйсен.
Үйді салған құрылыс мекемесінің басшыларымен комиссия құрылды. Тексерістен кейін ақауы бар жерлерді қайта жасау туралы шешім қабылданды.