Ақтауда «Кәсіподақтық көшбасшы мектебі» іске қосылды
Өңірдегі 25 кәсіподақтың басшысы алты айлық оқыту курсын «Кәсіподақтық көшбасшылық: бір адым алда» тақырыбындағы модульден бастады.
«Бүгін бірінші модуль бойынша оқытуды бастадық. Барлығы алты модуль болмақ. Жобаны Маңғыстау өңірінде бастаудың себебі де жоқ емес. Маңғыстаулық кәсіподақшылар елге білгір әрі мықты мамандар ретінде танымал», - деп атап өтті өз сөзінде Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникациялар орталығының бас директоры Ербол Исмаилов.
Кәсіподақ көшбасшылары алты айдың ішінде кәсіподақтық менеджмент, әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу, коммуникациялар, қаржы және құқықтық сауаттылық, қызметкерлерді басқару, дау-дамайларды шешу саласындағы заманауи құралдарын игереді. Келесі топ Астана қаласында құрылып, оқуын үстіміздегі жылдың маусым айында бастайтын болады.
Еске сала кетсек, Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникациялар орталығы 2017 жылғы 4 мамырда «Әлеуметтік әріптестік орталығының» негізінде құрылған. Орталықтың мақсаты - «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобында әлеуметтік өзара ықпалдастық пен коммуникациялардың алдыңғы қатарлы тәжірибелерін дайындау және енгізу арқылы әлеуметтік-еңбек қатынастарын басқару мен коммуникациялардың тиімділігін арттыру.