Маңғыстау облысы тілдерді дамыту басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы негізінде ұйымдастырылып отырған жексенбілік мектепте қазақ және корей тілдерін тегін үйретеді. Сонымен қатар, қатысушылар бұл мектепте қос мемлекеттің мәдениеті, салт-дәстүрі, тарихы мен тұрмысы туралы білімдерін жетілдіреді. Дәрістер әр жексенбі сайын өтетін болады. Оған Маңғыстау облысының тіл үйренемін деп ниет білдірген кез келген адам қатыса алады. Жексенбілік мектептің ашылу күнінде-ақ 25 адам тіркеліп үлгерді. Олардың арасында, мектеп оқушылары, студенттер мен тіпті қарттар да бар.
«Адам баласы қаншалықты көп тіл білсе, соншалықты бай болады. Бұл жексенбілік мектептің жастар мен ересек буынның басын қосатыны мені қуантады. Олар тек мемлекеттік тілді ғана үйреніп қана қоймай, корей тілін де меңгере алады. Сондай-ақ, қазақ халқы мен корей ұлтының ұқсастықтары мен айырмашылықтарын да зерттеуге бет бұрамыз», - дейді «Чосон» корей этномәдени бірлестігінің төрайымы Раиса Маденова.
Жексенбілік мектеп ағымдағы жылдың қазан, қараша айларында да өткен еді. Оған орыс, кәріс, әзірбайжан, украин ұлтынан құралған 18 адам мемлекеттік тілді үйреніп, арнайы сертификаттармен марапатталған болатын.