Ақтауда «Кедендік одақ: бизнес үшін жаңа мүмкіндік пе әлде қауіп пе?» атты тақырыпта дөңгелек үстел отырысы өтті

None
СТАНА. Наурыздың 3-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Кеше Маңғыстау облысының кәсіпкерлікті дамытуға байланысты өткен форумы аясында Ақтау қаласында «Кедендік одақ: бизнес үшін жаңа мүмкіндік пе әлде қауіп пе?» атты тақырыпта дөңгелек үстел отырысы өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Онда Индустрия және сауда министрлігі жанындағы Сауда саясатын дамыту орталығының Бас директоры Руслан Сұлтанов Кедендік одақтың қалыптасуы мен оған қатысты Қазақстанның сыртқы сауда саясатындағы күрделі өзгерістер жөнінде баяндап берді. Директордың сөзіне қарағанда, қазіргі таңда елде мемлекеттік үдетілген индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының іске қосылуына орай Ресей мен Беларус еліне арналған өндірісті қоса алғанда, қолданыстағы өнідірістер мен жаңа өндірістерді ашуға мол мүмкіндік туып отыр.

Сонымен қатар Р.Сұлтанов мәжіліске қатысушыларға Қазақстан Республикасының «Инвестициялар туралы» заңының аясында жүзеге асыруға болатын жаңа «мақсатты импорт» режимінің іске қосылуы жөнінде баяндады. «Аталмыш режимді пайдалану арқылы қазақстандық кәсіпорындар құрал-жабдықтар мен оның өндірісіне қажетті шикізатты ешқандай салықсыз тасымалдауға мүмкіндік алады», деді Р.Сұлтанов.

Отырыста сонымен қатар азық-түлік тауарлары мен халық тұтынатын тауарлардың бағасына байланысты өзгерістер жөнінде де әңгіме болды. Бұл ретте әсіресе техникалық реттеу мен кедендік рәсімдеу жұмыстарындағы саясат пен жанама салықтарды алу тәртібіне енгізілген өзгерістердің жайы басты назарға алынды. Дөңгелек үстел отырысының қорытындысы бойынша Маңғыстау облысының кәсіпкерлері Кедендік одақты қалыптастыру жөніндегі бастаманы қолдайтындықтарын айтып, одан барынша пайда табатындығына сенім білдірді.