Ақтауда қоғамдық қауіпсіздікті робот-иттер күзетеді

АҚТАУ. KAZINFORM – Ақтау қаласында қоғамдық қауіпсіздікті күшейту, заң мен тәртіпті қамтамасыз ету үшін робот-иттер қолданылмақ. Бұл туралы Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Фото: Polisia.kz

-Робот-иттер қоғамдық орындарды патрульдеу, жедел жағдайды бақылау және құқықбұзушылықтардың алдын алу үшін пайдаланылатын болады. Кешендер заманауи бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған және нақты уақыт режимінде ақпаратты жедел басқару орталығына бере алады, - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, роботтандырылған платформалар күдікті заттарды анықтап, түтін мен өрт шығу белгілерін тіркеп, кейіннен шұғыл қызметтерге автоматты түрде сигнал бере алады. Болашақта оларды арнайы және антитеррористік іс-шараларды өткізу кезінде қолдану мүмкіндігі қарастырылу үстінде.

-Қосымша жаңғыртудан кейін роботтар қауіпті нысандарды қашықтан тексеру және қызметкерлердің өміріне қауіп төндірмей күдікті заттарды жылжыту үшін пайдаланылуы мүмкін. Заманауи цифрлық шешімдерді енгізу қоғамдық қауіпсіздік жүйесінің тиімділігін арттыруға, құқықбұзушылықтардың алдын алуға және ықтимал қатерлерге жедел ден қоюға бағытталған, - делінген хабарламада.

Осыған дейін Шымкентте роботтар жылу желілерін тексеріп жатқаны туралы жаздық.