Ақтауда көркем гимнастикадан халықаралық турнир өтіп жатыр

АҚТАУ. ҚазАқпарат - 1-5 тамыз аралығында Маңғыстау облысында көркем гимнастикадан ІІ халықаралық «Шағала» турнирі өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат mangystaumedia.kz-ке сілтеме жасап.

Сайысқа Өзбекстан, Грузия, Израильден 6-15 жас аралығындағы (2003-2012 жылдары туған) гимнасшы қыздар қатысуда. Өз елімізден Алматы, Шымкент және Атырау облысы гимнасшылары да бақ сынауда. Турнирге барлығы 250-дей спортшы қатысады. Маңғыстау облысының намысын 60 гимнасшы қорғайды.

Облыстық көркем және эстетикалық гимнастика федерациясы жарыс алдында шетелден маман шақырып, өңірдің жас спортшыларының дайындығын пысықтаған. Оларға Израильден келген көркем гимнастикадан халықаралық дәрежедегі төреші, Кеңес одағының 13 дүркін чемпионы Венера Зарипова бағыт көрсетіп, тәлім берген.

Федерация өкілдері көркем гимнастикаға қызығушылар санының артып келе жатқанын алға тартады. Мамандар бұл орайда жаттығатын орынның тапшылығына тоқталды.

«Бұл спортқа келетін қыздар өте көп. Сондықтан залға сыймай жатады. Аудандардан да гимнастикаға қызығып, балаларын әкелетіндер бар. Таңертеңнен кешкі 8-ге дейін жаттығамыз. Бізге гимнастикаға арналған зал жетіспейді. Топтарды кезек-кезек, бірінен соң бірін шақырып, жаттығамыз», - дейді МО көркем гимнастикадан аға жаттықтырушы Бибігүл Ерназарова.

«Жылдың басында спорттық гимнастикаға арналған спорт зал ашылды. 20 жыл төңірегінде бізде мұндай ғимарат болмаған. Алдағы уақытта бұл спорт түрі дамып, чемпиондар көбейеді деген ойдамыз. Бір жылдың ішінде облыста 11 спорттық кешен салынды. Спортпен шұғылданатын тұрғындар саны 45 мыңға артты. Сондықтан бұл мәселе де алдағы уақытта шешімін табады деген ойдамыз», - деді осы мәселеге  жауап берген облыстық спорт басқармасы басшысының м.а. Нұрбек Қарабалаев.