АҚТАУ. KAZINFORM - Ақтауда сейсенбі күні көшеге жалаңаш шығып елді шошытқан ер адамды полиция ұстады. Қазір аталған оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр.
«Күдікті ұсталғаннан кейін бірден психиатриялық диспансерге жатқызылды. Бұдан өзге ақпараттар тергеу мүддесі сай жарияланбайды. Бұл жағдай бойынша тергеу жалғасуда», - деді Маңғыстау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер.
6 ақпан күні әлеуметтік желіде Ақтауда көшеде жалаңаш жүрген адамның бейнежазбасы жария болған еді. Кейін бұл жағдайдың 6 ықшамауданда болғаны анықталды.
Қолына кітап ұстап, арабша құран сүресіне ұқсас сөздерді айтқан ер адам сол маңдағы дүкенге кіріп, тоңазытқышты құлатып тастаған. Артынша оны учаскелік полицейлер ұстағаны хабарланды.
Жанкелді Қаржан
2006-2010 ж.ж. Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде оқыды. Мамандағы - журналист. Еңбек жолын 2008 жылы «Орталық Қазақстан» газетінде бастап, 2010-2015 ж.ж. «Халық сөзі», «Алаш айнасы» басылымдарында еңбек етті. «Экспресс К», «Аrbat.media.kz», ақпараттық сайттарында жұмыс істеген. 2022 жылдан mangystaumedia.kz қызметкері, 2024 жылдан бастап Kazinform агенттігінің Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі.