Ақтауда КТК ойыншысын өлтіргендерге қатысты сот ісі басталды

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Ақтөбе көңілді және тапқырлар клубы (КТК) командасының бұрынғы ойыншысы Данияр Әлімбаевты өлтірді деген күдікпен ұсталған 3 адамға қатысты сот ісі басталды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі аталған мекеменің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сотталушы С-ға қатысты ҚР ҚК-нің 99-бабының 2 бөлігінің 9 тармағымен (бұзақылық ниетпен адам өлтіру), сотталушылар Т. мен Ш.-ға қатысты ҚР ҚК-нің 293-бабының 3 бөлігінің 2 тармағымен (суық қару қолданып бұзақылық жасау) қылмыстық істі қарау басталды.

Сотта анықталғандай, 20 шілде күні кешкі сағат 20:30-дар шамасында Ақтау қаласы 6 шағынауданда орналасқан «Хорошее Заведение» караоке барында бірнеше жігіт бір-бірімен сөзге келіп, келіспеушілік соңы төбелеске ұласқан. Нәтижесінде сотталушы С. жәбірленуші Данияр Әлімбаевты сол жақ аяғының санына, яғни үлкен күре тамырына күштеп бірнеше рет пышақ тығып, қайтыс болды.

Данияр Әлімбаев Ақтөбенің КТК командасының құрамында ойнаған. Әлімбаевтың артында әйелі мен төрт баласы қалды.

Келесі сот отырысы 2018 жылдың 8 қазаны сағат 10.00-ге тағайындалды.

Осыған дейін Данияр Әлімбаевты Ақтауда белгісіз біреулердің өлтіріп кеткенін және осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған болатынбыз.