Ақтауда құқық қорғау қызметтері орталығы ашылды

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Ақтау қаласында құқық қорғау қызметтері орталығы ашылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Ұлт жоспары - 100 нақты қадам» бағдарламасы аясында ашылған орталық құқықтық қызметтерді бір орынға интеграциялау мақсатында құрылды. Орталық азаматтардың құқық қорғау және мемлекеттік органдарға деген сенім деңгейін арттыруды, арыз-шағымдардың жылдам қаралуын қамтамасыз етеді», -дейді Маңғыстау облыстық прокуроры Дастан Сартаев.

Құқық қорғау қызметтері орталығы азаматтарды қабылдау және олармен жұмыс істеуге қажетті бүкіл инфрақұрылымдық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Құқықтық мәселеде жүгініп келген азаматтарды тәжірибелі прокурорлар қабылдайды.


Азаматтардың арыз-шағымдарын жылдам қарау үшін 8 мемлекеттік органның, соның ішінде облыс әкімдігінің, жергілікті полиция қызметінің, қылмыстық-атқару жүйесінің, еңбек басқармасының, мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері, сондай-ақ адвокаттар, нотариустар, медиаторлар және психолог жұмылдырылған.