Тұрғындар құрылыс қоршауы жаяу жүргіншілердің қозғалысына кедергі келтіріп, аумақтағы жасыл желекке де зиян келгенін айтып отыр.
— Бұл неге қызыл сызықтың үстіне салынады? Біз соны түсінбейміз. Бұл — халық жүретін жер. Мұнда көлік те қатынайды. Балаларымызға алаңдаймыз, оларды бөлек жібере алмаймыз, — дейді қала тұрғыны Саламат Жүсіпов.
Тағы бір тұрғын Айнагүл Тасқынбаеваның айтуынша, бұған дейін қызыл сызық пен инженерлік желілер орналасқан аумақта құрылыс жүргізуге болмайтыны айтылған.
Ал кәсіпкер жер телімін заңды түрде жалға алғанын және құрылысқа қажетті құжаттары бар екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, аумақтағы ағаштарды белгіленген тәртіппен басқа жерге көшіру мәселесі бойынша жауапты мекемеге ресми хат жолданған.
— Жер учаскесінің көлемі қалай берілді, сол бойынша алдық. Тиісті қаулы бар. Егер құбырда ақау болып, оны ауыстыру қажет болса, жөндеу жұмыстарына мүмкіндік беремін, — дейді кәсіпкер Абзал Лекеров.
Ақтау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі де жер учаскесі кәсіпкерлік мақсатта жалға берілгенін растады.
— Тұрғындардың арызы негізінде тексеру жүргізілді. Кәсіпкер жер учаскесін 2020-2025 жылдарға арналған бағдарлама аясында рәсімдеген. Эскиздік жобасы да келісілген, — деді Ақтау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары Бегалы Хожахметов.
Алайда магистральды инженерлік желілердің қауіпсіздігіне жауапты «Каспий жылу, су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны құрылысқа келісім берілмегенін мәлімдеді.
Мекеме өкілі Әлия Жүзбаеваның айтуынша, 2023 жылғы 11 сәуірде жер учаскесіне қатысты келісім алу үшін өтініш түскен. Алайда инженерлік желілер мен олардың күзет аймағы орналасқандықтан, кәсіпорын құрылыс жүргізуге келісім бермеген.
Қазір осы мәселеге байланысты мекеме Ақтау қаласының әкімдігіне ресми арыз жолдаған. Әкімдік арызды 14 жұмыс күні ішінде қарайды. Осыдан кейін даулы аумақтағы құрылыстың әрі қарай жалғасатыны немесе тоқтатылатыны белгілі болады.
Бұған дейін Ақтауда жаңа оқу жылы басталғалы мектептерге баратын жолдар мен жаяу жүргіншілер жолының жағдайына қатысты тұрғындардың шағымы көбейгенін жазған едік.