Ақтауда мақта-мата фабриканың құрылысы басталды

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтауда мақта-мата өндіретін фабриканың құрылысы басталды. Жобаны Үндістан мен Қазақстан компаниялары бірлесе жүзеге асырады. Кәсіпорын тәулігіне 60 мың метр мата тоқиды, деп хабарлайды Қазақпарат.

Ақтауда үндістандық инвесторлармен біріккен 6 жобаның тұсауы кесілді. Оның 4-і индустриалдық аймақта бой көтерсе, 2-і Жаңаөзен қаласында жүзеге аспақ. Жобалардың құны 500 миллиард теңгені құрайды. 

Бүгін құрылысы қаланған мақта-мата өндіретін ірі фабрика күніне 80 тонна тоқыма жіптен 60 мың метр мата өндіруге қауқарлы. Тоқыма фабрикасын салу жобасы бойынша 97 млрд. теңге инвестицияланады. Жаңа кәсіпорын жылына 32,4 мың тонна иірілген жіп шығарады. Құрылыс кезеңінде 200 адам жұмыс істеп, пайдалану барысында 700 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Пайдалануға беру уақыты - 2019 жылдың мамыр айы. Қазақстандық және ішінара Өзбекстандық шикізат қолданылып, дайын өнімді шет елдерге жеткізу жоспарланған.
 

«Бұл кәсіпорын аймақ үшін тиімді жоба.  Өңірдің индустриалдық-инновациялық дамуына үлес қосып, шағын және орта бизнестің дамуына  жаңа серпін бермек. Жалпы 4 жоба бойынша инвестиция көлемі 360 млрд. теңгені құрайды,  жұмыс орындарының саны 895 адам. Облысымызға тартылатын инвестицияның жалпы сомасы 522,4 млрд. теңгені құрайды»,- деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Үндістандық инвесторлар бұл жобаның екі жаққа да тиімді екеніне сенімді. Сондай-ақ  Қазақстанмен бизнес серіктес болғанына қуанышты екендерін жасырмады.
 

60 гектарға салынатын кәсіпорын аумағында мақта-мата өндіретін фабрикадан бөлек  газ турбиналық электростанция, феррохром зауыты мен метал қақтайтын өндіріс орны ашылмақ.  

«4 зауыт бірге кешенді түрде жүзеге асырылатын болады. Олардың барлығы биылғы жылға жоспарланып отыр. 2019 жылы барлық кәсіпорын іске қосылады деген жоспар бар»,-дейді "Каспий" ӘКК басқарма төрағасының м.а. Лесбек Илебаев.

Бұдан бөлек дәл осындай екі зауыт Жаңаөзен қаласында ашылады. Аталған  жобалар өңірдің экономикалық өркендеуіне үлес қоспақ.