Атап айтқанда, 19А және 32А шағынаудандарының тұрғындары мектепке баратын жолдардың жай-күйіне алаңдап отыр. Олардың айтуынша, кейбір учаскелерде жөндеу жұмыстарынан кейін жол толық қалпына келтірілмеген.
19А шағынауданындағы № 24 мектеп маңында жаздан бері жол жиегіндегі бір учаске қазылған күйінде тұр. Тұрғындардың сөзінше, бұл жерде жаяу жүргіншілерге арналған қалыпты жол жоқ, оның орнына топырақ үйінділері мен құрылыс қалдықтары қалған.
— Жаздан бері осындай жағдай. Жолдың бойында топырақ үйіліп жатыр. Оқушылардың оқу маусымы басталды. Жаяу жүргіншілер жолын ретке келтіру қажет, — дейді тұрғындар.
Ал 32А шағынауданында тұрғындар шағын ауданға кіреберістегі негізгі жолдың жағдайына шағымданып отыр. Олардың айтуынша, шамамен бір ай бұрын жолда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, асфальт ойылған күйі қалған.
— Бұл жолмен № 29 мектепке балаларын апарып, алып келетін біз күнде жүреміз. Сонымен қатар осы бағытпен осы маңайдағы жеке мектептердің оқушылары да қатынайды. Жол жөндеу жұмыстары қашан аяқталады және жаяу жүргіншілер жолы қашан ретке келтіріледі, — дейді тұрғындар.
Ақтау қалалық әкімдігінің мәліметінше, 19 А шағынауданындағы жаяу жүргіншілер жолы қалпына келтірілген. Ал, 32 А шағын ауданындағы жол жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Бұған дейін, Ақтауда балалар жолақысын жалпы тариф бойынша төлеуге мәжбүр болғанын жазған едік.