Ақтауда мүгедек баланы аяусыз соққыға жыққан жігітке қатысты сот үкімі шығарылды

None
АҚТАУ. Қаңтардың 22-сі. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Осыдан бір ай бұрын көшеде анасы жетектеп бара жатқан баланы мас күйінде ұрып-соққан 25 жасар Өзбекстан азаматы кінәлі деп таныла тұра, сот залынан босатылып жіберілді. Ал 12 жасар Рома ауыр соққылардан кейін әлі айығып кете алмай жүр.
Онсыз да туымысынан кемтар Рома әлгі оқиғадан кейін не дұрыс ұйықтап, не дұрыс тамақтана алмайды. Дәрігерлер дистрофия деген ауыр диагноз қойып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Оқиға былай болған, 2008 жылғы желтоқсанның 7-сі күні кешкі сағат 22:30-дар шамасында арақ ішкен мас күйінде Бахрам Маратұлы Матсапаев 5-ші шағын аудандағы 4-үйдің екінші қабатында кетіп бара жатқан Айгүл мен оның баласы Романы қуып жетіп, ешбір себепсіз, қасақана бұзақылық ниетпен тиісіп, соққыға жыққан. Олар қашып, пәтерлеріне кіріп, іштерінен кілттеп алған кезде, есікті тепкілеп, есіктің жанындағы ас үйдің терезесін ұрып сындырған. Осы екі ортада Айгүл полицияға хабарлап үлгереді. Бахрамның өзі кішкентай баланы не үшін ұрғанын түсіндіріп бере алмаған. Кейіннен, оның ағайын-тумалары келіп, Айгүлге ақша ұсынып, арызын қайтып алуын өтінген көрінеді. Тіпті қоқан-лоқы жасаған кездері де болыпты. Енді оның соңы - тараптардың бітімге келуіне байланысты айыпталушы қылмыстық жауапкершіліктен босатылады деген сот шешімімен аяқталып отыр. Айгүлдің өзі ымыраға бас амандығынан қорқып барғандығын айтады. «Қазір баламның жағдайы нашар. Дәрігерлер шетелге барып емдету керек дейді. Сондықтан, ұрып-соққан жақ уәделеріне тұрып, баламды емдетіп берсе болды», дейді Романың анасы.