Ақтауда мүгедек жандар үшін қала ішінде арнаулы такси жүргізілмек

None
АҚТАУ. Қаңтардың 22-сі. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Ақтауда жүріп-тұруы қиын мүгедек жандарды қажеттілігіне қарай тасымалдау үшін Ресейден арнайы «Газель» автокөлігі алдырылды.
Қала бюджетінен 4 млн. теңгеге алынған көлік ақпан айында жолға шықпақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне сілтеме жасап.«Мұндай жоба Ресейде кеңінен тараған. Елімізге енді-енді еніп жатқан болар. Жобаның мақсаты ? қол арбамен жүретін мүгедек жандарды баратын жеріне апарып, әкелу үшін көліктей көмек көрсету. Бізде бүгінде мұндай 300-дей адам бар. Олар телефон арқылы немесе арнайы кесте бойынша алдын-ала тапсырыс беріп, үйіне осы таксиді шақырта алатын болады. Қазір қызмет көрсету ережесін дайындап жатырмыз. Такси қызметі қанша адамды қамтитынын да осының барысында анықтаймыз. Автокөлік тек әкелініп қойылған, оны жол полициясы бөлімінде тіркеу, жанармай шығынын пысықтау жұмыстарын жүргізбекпіз», - дейді Ақтау қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Күнзира Мұсымқұлқызы.«Газель» автокөлігі пандуспен, қоларбаларды көтеріп-түсіретін қондырғымен жабдықталған. Көлікке 4 қоларба сияды. Және арбаны итеруші көмекшілерге де орын қарастырылған. Қоларбалар көлікке мінгеннен кейін оларды қозғалмау үшін бекітіп қоятын таңғыштары бар. Мамандардың айтуынша, тапсырысына қарай мүгедек жандар денсаулық сақтау мекемелеріне, прокуратура, сот, театр сынды және өзгедей де жерлерге апарып-әкелінбек. Тек таксиді жедел жәрдем ретінде шақыруға болмайды. Тапсырыстар бір күн бұрын қабылданбақ.