Ақтауда Нұрмұхан Жантөринге ескерткіш орнатылды
Еліміздің ең жас театры саналатын Нұрмұхан Жантөрин атындағы өнер ордасы Елбасының ұсынысымен 2003 жылдың 21 наурызында ашылған болатын. Осыдан он екі жыл бұрын Нұрмұхан Жантөрин шағын ғана мүсін орнатылған. Бүгін қазақтың ұлы актеріне өнердегі асқақ бейнесі мен өмірдегі сом тұлғасына сай еңселі ескерткіш 90 жылдығына орай бой көтерді.
Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы мен Ақтау қаласының 55 жылдығы қарсаңында тұрғызылған Жантөрин ескерткіші актердің өз есімімен аталатын қара шаңырақ Маңғыстау облыстық драма театрының алдында орнатылды. Жергілікті кәсіпкерлердің қаражатына тұрғызылған ескерткіш, қаланың мерейтойы мен xалық әртісінің 90 жылдық торқалы тойына үлкен сый болмақ.
Нұрмұхан Жантөрин ескерткішінің ашылуын Маңғыстау жұрты зор қуанышпен қабылдап, облыс әкімдігіне және үлкен істің басы-қасында жүрген азаматтарға алғысын айтты. Актердің туған күніне арнап, алда әлі талай айтулы шаралар атқарылмақ. Бүгінгі игі іс тек бастамасы ғана.
Облыстың әлеуметтік-экономикалық ахуалы жылдан-жылға жақсарып, мәдениеті мен өнері қарқынды дамып келеді. Бүгінгі ескерткішінің ашылуы соның бір көрінісі. Бұдан бөлек, былтыр Отпантаудың басында қазақтың үш биіне арнап жаңа ескерткіш бойы көтеріп, дала билерінің бейінесі кең даланың төсінен орналасты. Сондай-ақ, өткен жылы облыста 11 жылдан кейін республикалық ақындар айтысы қайта жанданды. Айтыс десе ішкен асын жерге қоятын Маңғыстау жұртшылығы үшін бұл үлкен сый болды.