Ақтауда өрт қауіпсіздігін сақтамағандарға 900 мың теңгеге жуық айыппұл салынды

АҚТАУ. ҚазАқпарат – Ақтауда жаз басталғалы өрт қауіпсіздігін сақтамаған 7 адамға 897 000 теңге айыппұл салынған. Оның ішінде 1 заңды тұлғаға 690 000 теңге және 6 жеке тұлға 207 000 теңге айыппұл арқалаған. Бұл туралы Маңғыстау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: ЦОК

Жыл басынан бері Ақтау қаласындағы қоқыс контейнерлерін, мекемелер мен құрылыс нысандары аумағында қоқыс қалдықтарын өртеу деректері көп тіркелген. Сондай-ақ, өрт сөндіру техникаларының көмегіне жүгіну жиілеп кеткен.

«Биылғы жаз маусымы басталғалы мамандар ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодексінің 336-бабы негізінде 7 адамға 897 000 тг айыппұл, оның ішінде 1 заңды тұлғаға 690 000 тг және 6 жеке тұлға атына 207 000 тг айыппұл салған. Маусымда дала алқаптарында өрт шығу деректері жиілеп кетті. Мұның себебі – негізінен азаматтардың жаз айларында қауіпті елемей, немқұрайлық танытуы», - делінген баспасөз мәліметінде.