Ақтауда өртенген үйден ер адамның денесі табылды

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Өртенген үйден ер адамның денесі табылды. Оның кім екені анықталып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтауда 3 бөлмелі үй түгелдей жанып кеткен. Өртті сөндірген соң қалған күлдің арасынан ер адамның денесі табылған. Өрттің неден тұтанғаны әзірге белгісіз.

Жалпы, Маңғыстауда жыл басынан бері 31 өрт оқиғасы тіркелген. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары мәлімдеді. Олардың айтуынша, көп жағдайда өрттің тұтануына қауіпсіздік ережелерін сақтамау, ток көздерін дұрыс пайдаланбау, балаларды қараусыз қалдыру секілді жағдайлар себеп болады.

Сондай-ақ, былтыр қалада 1245 өрт қауіпсіздігін бұзу фактісі анықталып, шара қолданылған. Өрт жағдайларының алдын алу үшін мамандар түсіндіру шараларын күшейткен.

«Жыл бойы 101-ге 1430 дабыл түсіп, 43 адам жалыннан арашаланды. 1000-нан астам адам қауіпсіз жерге шығарылды. Өрттің басым бөлігі тұрғын үйлерде (121 жағдай) және автокөлікте (117 оқиға) болады»,-дейді Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқарма бастығының орынбасары Александр Алексеев.