Ақтауда өткен «Әбіш оқулары» байқауында батысқазақстандық оқушылар жеңімпаз атанды
Теректі ауданындағы «Үміт» тілдер гимназиясынан түскен мәліметке қарағанда, ұстаздар Кәмшат Өтепова мен Әлия Хасанова бастап барған драма үйірмесі «Абылай хан» драмасынан үзінді қойып, бірінші орынды иеленді. «Үміт» гимназиясы жанында «Үкі» драма үйірмесі (жетекшісі К.Өтепова) он бес жылдан бері жұмыс жасайды. Балалардың қатысуымен үш тілде спектакль қоятын үйірме жуырда Дулат Исабековтің «Әпке» драмасын да сәтті сахналады.
Сол секілді БҚО-дан барған Орал қаласындағы №47 орта мектеп оқушысы Сәкен Жұмабаев суреттен, Жаңақала ауданы С.Меңдешев атындағы орта мектептен Есей Ибрайқұлов көркем сөз оқудан бірінші орынды еншіледі.
Айта кетейік, жуырда Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев атындағы дәрісхана ашылып, шәкіртақы тағайындалған болатын. Жаңақала ауданы Көпжасар ауылынан түлеп ұшқан, қазір осы оқу орны журналистика және саясаттану факультетінің екінші курсында білім алатын Әзиза Сүйінішқалиева алғашқы шәкіртақы иегері атанды.