Ақтауда өзінің 3 баласын өлтірген әкеге сот үкімі өзгеріссіз қалды

Фото:
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Ақтауда өзінің үш баласын өлтірген әкеге қатысты сот үкімі апелляциялық тәртіппен қайта қаралып, өзгеріссіз қалды. Бұл туралы Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Апелляциялық іс сотталушының және оның адвокатының апелляциялық шағымдары бойынша қаралды, олар соттың айыптау үкімін жойып, 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Сот алқасы үкімді өзгертуге немесе жоюға негіз жоқ деп таныды. Сондықтан қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың үкімі өзгеріссіз, апелляциялық шағымдар қанағаттандырусыз қалдырылды», - делінген баспасөз мәліметінде.

Еске салсақ, маусым айының соңында Ақтауда өзінің кәмелетке толмаған үш баласын асқан қатыгездікпен өлтірген әкеге сот үкімі шыққан болатын. Ол өмір бойынша бас бостандығынан айырылды.