Ақтау қаласының тұрғыны Әлия Исаева бұл бастамаға көптен әзірленіп, бүгін мереке күні жүзеге асырды.
- Арнайы Қазақстан Республикасының рәміздерін насихаттау мақсатында бастадым. Мен қазақпын деген азаматтың бойында патриоттық сезімді оятып қана қоймай, ұлтқа, Отанға деген сүйіспеншілігін арттыруды көздеймін, - дейді ол.
Патриоттық такси тұрғындардың қызығушылығын оятты. Алғашқы жолаушылардың бірі Қазбек Мырзағұлов көлікті алыстан байқап тоқтатқанын айтады.
- Өзіміздің көк туымызбен көмкерілген көлікке отырғым келді. Міне, тегін жеткізіп салды. Елімізге қатысты, елтаңбаға қатысты сұрақтар қойды. Шамам келгенше жауап беріп, сыйлық алдым. Күшті көңіл-күйде тұрмын. Елімізде осындай жастардың патриоттық сезімін оятатын бастамалар көп болса екен, - дейді қала тұрғыны.
Патриоттық таксиді безендіруге 1 миллион жарым теңге қаражат жұмсалған. Жобаны Маңғыстау облыстық әкімдігі қолдап, қаржыландырған.
Патриоттық такси аптасына бір рет, кешкі сағат 17-00 ден 20-00 ге дейінгі аралықта қатынайды. Жобаның аясында қала көшелеріне мемлекеттік ту ілініп, қоғамдық автобустар да безендірілген.