Ақтауда педофил жүргені туралы ақпарат расталмады

АҚТАУ. ҚазАқпарат - 4 сәуір күні әлеуметтік желілерде педофилдің көше кезіп жүргені айтылып, сақтыққа шақырған хабарламалар тараған еді. Бұл ақпаратты Маңғыстау облыстық ІІБ жоққа шығарды, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.

2018 жылдың 4-ші сәуірі күні Ақтау қаласындағы №7 орта мектепте өткен ата-аналар жиналысында «Жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтың алдын алу туралы» тақырып талқыланған. Онда мектеп ережесіне бағыну, оқушылардың сабаққа қатысуы мен қауіпсіздікті сақтау, оқушыларға автобустан мініп түскенде сақ болуларын, жол ережелерін сақтауға және де бөгде адамдар кездескенде олармен сөйлеспеуге, олардың көліктеріне мінбеуге кеңестер берілген.

Айта кетейік, осыған дейін аталған жиында полицейлер 26 шағын ауданда жүрген күдікті туралы ақпарат берді деп айтылған болатын. Маңғыстау облыстық ІІБ баспасөз қызметі бұл ақпаратты растамады.

Сондай-ақ, желі арқылы тараған аудио жазбадағы ақпарат та жалған болып шықты. Онда қалада кәмелетке толмаған балаларға қатысты жыныстық әрекеттер жасамақ болған азғынның жүргені айтылған болатын.

Егер жалған ақпарат таратушы анықталса, оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 274 бабы бойынша іс қозғалады. 5000 АЕК көлемінде (12 025 000 теңге) айыппұл салынып, болмаса 2 жылдан 5 жылға дейін темір торға тоғытылуы мүмкін.