Ақтауда полиция қызметкері көлігімен бір жарым жасар баланы қағып кетті

АҚТАУ. KAZINFORM – Ақтау қаласының 27-шағын ауданындағы аулалардың бірінде қайғылы оқиға болды. Жол талғамайтын көлік кәмелетке толмаған баланы қағып кетіп, сәби оқиға орнында көз жұмды.

Фото: Астана әкімдігі

Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қызметтік көлікті құқық қорғау органының қызметкері басқарған. Ол 27-шағын аудандағы тұрғын үйдің алдындағы жолда бір жарым жасар ұл баланы қағып кеткен. Ауыр жарақат алған сәби есін жимастан оқиға орнында қайтыс болған.

– Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі («Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол қозғалысы немесе көлік пайдалану қағидаларын бұзуы») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, - делінген хабарламада.

Полиция департаменті қаза болған баланың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Сондай-ақ ведомство басшылығы бұл істі ерекше бақылауына алған.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Оралда полиция қызметкері қыз зорлады деген күдікке ілінді