Ақтау қаласында Каспий теңізі жағалауында әр сенбі сайын тұрғындар мен қала қонақтарына арналған би кештері ұйымдастырылып келеді. Аталған мәдени-көпшілік шаралар қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып өткізіледі.
Әлеуметтік желілерге жүргізілген тұрақты мониторинг нәтижесінде 2026 жылғы 13 маусымда өткен іс-шара барысында кәсіпкерлік субъектісінің қала әкімдігімен келісілмеген түрде тегін гүл тарату акциясын ұйымдастырғаны анықталды.
— Осы фактіге байланысты Ақтау қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі учаскелік полиция қызметкерлерімен бірлесіп кәсіпкерлік субъектісіне барып, қолданыстағы заңнама талаптары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің талаптарына сәйкес тиісті әкімшілік шара қолданылып, 20 АЕК көлеміндегі айыппұл салынды, — делінген хабарламада.
Еске салайық, қоғамдық орындарда кез келген жарнамалық, акциялар ұйымдастыру, сондай-ақ тегін өнімдер, гүлдер, киім-кешек, азық-түлік және басқа да тауарларды тарату жұмыстарын алдын ала уәкілетті мемлекеттік органдармен келісу қажет. Белгіленген талаптарды бұзу әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.
Бұған дейін Өскеменде тегін тамақ таратамын деп дүрбелең туғызған кәсіпкер қамалғанын жазғанбыз.