Ақтауда сарбаздарға кредиттік каникул берілді
АҚТАУ. KAZINFORM – Ақтауда теңіз жаяу әскерлері бригадасының жүзге жуық сарбазы кредиттік каникул алды.
Жауынгерлердің әскерге шақырылғанға дейін алынған несиелері болған. Сондықтан әскери бөлім мен екінші деңгейлі қаржы ұйымдары арасында келісімшарттар жасалып, қарызды кейін өтеуге өтініш берілді. Соның негізінде банк сарбаздардың берешегін қайтару мерзімін 13 айға дейін шегерді. Енді мерзімді әскери қызметші бір жыл армияда болған соң үйге оралып, бір айдан кейін несие төлемін төлеуді қайта жалғастырады.
Гвардия қатардағы жауынгері Ұлан Манарбеков мұндай мүмкіндік берілгеніне қуанышты. Ол әскерге шақыртылғанға дейін банктен 200 мың теңге несие алған.
«Осыдан 6 ай бұрын алғам. Бір жылға және жаңағы бір ай қосылып, өзім жұмыс істеп жалақымды алғанша сондай мерзімге кредит тоқталады екен. Қазір өзім еш уайымсыз әскери қызметімді орындап жатырмын», - дейді сарбаз.
№25744 Әскери бөлімі артиллериялық дивизон командирінің орынбасары Сүндет Төле кредиттік каникул алудың талабын түсіндірді.
«Бұл шаралар сарбаздардың әскери борышын алаңсыз атқаруы үшін жасалып жатыр. Әскери бөлімде қызмет етеді деген анықтама мен сарбаздың жеке куәлігін алып, банкке барамыз. Банктер сол құжаттарды қарастырып, бізге жауабын береді. 13 ай мерзімге сарбаздардың кредиттері тоқтатылады», - дейді әскери қызметші.