Ақтауда сенбілік апталығы басталды
Жыл сайын «Көктем» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнына қаланы абаттандыруға, тазалауға және көркейтуге қаражат бөлінеді. «Көктем» МКК басшысы Мұхит Жүнбасовтың айтуынша, биыл облыстық бюджеттен қаланы көгалдандыру жұмыстарына 299 млн. 695 мың, қала ішіндегі ағаштарды суаруға 95 млн. 386 мың, шіріген ағаш бұтақтарын қиюға 18 млн. 89 мың, абаттандыру жұмыстарына 32 млн. 684 мың бөлініп отыр. Жалпы биылғы коммуналдық жұмыстарға бөлінген қаражат құны 454 млн. 727 мыңды құрайды.
«Алғашқы сенбілікте 300-ге жуық көшеттер отырғызсақ, бір айдың ішінде олардың санын екі мыңға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Халық бір іске жұмылып, асар жасауға белсене қатысуда. Бірінші сенбілікке қала бойынша 2000-ға жуық адам шықты. Айта кету керек, қаланың тазалығы тек сенбілікпен шектеліп қалмай, одан әрі жалғасын табатын болады», - дейді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Рахат Тезекбаев.
Әкім орынбасары қала көшелерінде тазалықты насихаттау мақсатында түрлі жарнамалар ілінгенін айтады. Биылғы сенбіліктің бір артықшылығы - өткен жылы қала аумағында барлығы 1000-нан аса көшет отырғызылса, биыл оның саны әлдеқайда артып отыр. Жалпықалалық сенбілікте әр мекеме өздеріне үлестірілген жерлерді қоқыстан тазартуда. Барлық мекемелер көліктермен, қажетті құрал-жабдықтармен, жиналған қоқыстарды салатын қаптармен қамтамасыз етілуде.