Ақтауда шыны талшықты құбырлар дайындайтын зауыт алғашқы өнімін шығарды

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақтауда шыны талшықты құбырлар дайындайтын зауыт алғашқы өнімін шығарды, деп жазады 24.kz.

Кәсіпорын бірер ай бұрын «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында ашылған болатын. Өндіріс ошағы мұнайдан бастап, аса қауіпті химиялық қоспалар тасымалдайтын жоғары қысымға төзімді құбырлар дайындайды. Өңірдегі ірі мұнай компаниясы отандық өнімге алғашқылардың бірі болып тапсырыс берді. Бұған дейін шетелдік тауарға тәуелді болған тұтынушылар енді өзімізден шыққан арзан әрі сапалы құбырларға қол жеткізді. Балқытылған шыныдан алынған жіптер - өнім өндіруге қажетті негізгі шикізат. Шыны талшық шайырмен араласу арқылы арнайы құбырға оралады. Өнімдер жаңа технологиялы қондырғыларда дайындалады.

Кәсіпорын жылына диаметрі 100-400 миллиметрге дейінгі ұзындығы 250 шақырымға дейін құбыр шығара алады. Шыны талшықты құбырлар 95 градусқа дейін төтеп береді. Сондықтан мұнай мен аса қауіпті химиялық қоспаларды тасымалдауда таптырмас құрал болып табылады. Су құбыры мен кәріз жүйесіне де қолдануға болады. Қазір жаңа құбырдың түрлері коммуналдық желілерді жаңғыртуда да кеңінен қолданылып жатыр. Бірақ өзгелеріне қарағанда, шыны талшықты құбырлардың артықшылығы өте көп. Орнату кезінде дәнекерлеудің қажеті жоқ әрі салмағы жеңіл. 30 жылға дейін тотықпай, қалтқысыз қызмет етеді. Жақында ашылған кәсіпорында әзірге 60-тан астам жұмысшы еңбек етеді. Мұнай компаниялары мен мекемелерден тапсырыс көбейсе, тағы 4 желі іске қосылмақ. Өндіріс көлемін еселеу арқылы қызметкерлер санын да көбейту жоспарда бар. Қазір зауытта тапсырыс бойынша 20 шақырымдық шыны талшықты құбыр дайындалып жатыр.

«KazTrub-Industries» зауытының директоры Ырзабек Қылышбаев: «Біздің аймақтағы 2 үлкен мұнай мекемесі мен Атырау облысындағы мекемелермен меморандумға қол қою жұмыстарын бастап жатырмыз. Біздің негізгі көздеген мақсатымыз - Қазақстандық өнімді экспортқа шығару. Оған мүмкіндігіміз бар. Ресей және Қытаймен сапа жөнінен бәсекелес бола аламыз. Қазақстандық мекемелерге жеңілдіктеріміз бар», - дейді. Жобаны жүзеге асыруға 400 миллион теңге жұмсалған. Арнайы экономикалық аймақтың 8 гектар жерін алып жатқан кәсіпорын түрлі жеңілдіктерді тиімді пайдаланып отыр. «Бұл да Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының кәсіпкерлерге берген көмегі болып табылады», - дейді кәсіпорын басшылығы.