Ақтауда «Солтүстік-Оңтүстік» бірінші көліктік сауда-экспорттық форумы өтіп жатыр
АҚТАУ. KAZINFORM – Жиынға14 мемлекеттің өндірушілері мен экспорттаушылары, көлік-логистикалық компаниялар мен халықаралық ұйымдардан барлығы 500 ге жуық делегат қатысуда.
«Солтүстік-Оңтүстік» көлік дәлізі – Ресей-Қазақстан-Түрікменстан-Иран және Пәкістан елдерін байланыстырады. Былтыр осы бағыт бойынша жүк тасымалы 2,1 млн тонна болған. Бүгінде бұл көлік дәлізіне өзге де мемлекеттер қызығушылық танытып отыр. Форумда 3 маңызды құжатқа қол қойылды.
– Бірінші маңызды шешім, тарихи шешім десек те болады, солтүстіктен оңтүстікке қарай жүретін көлік дәлізінің жаңа бағытын айқындадық. Бұл Қазақстан арқылы Түрікменстанға одан ары Ауғанстанға арнайы темір жол дәлізін салу мәселесі. Яғни «Транс Ауған темір жол» дәлізі. Бұл бүгін қабылданып отырған шешім. Бүгін таңертең үш жақты кездесу болды. Үш жақты қол қойдық, - дейді Қазақстан Республикасының Көлік министрі Марат Қарабаев.
Екінші маңызды шешім – Қазақстан аумағынан өтетін кез келген транзиттік жүкке 50 пайыз арнайы жеңілдік жасалатын болды. Бұл шаралар көлік дәлізін одан әрі дамытуға айтарлықтай ықпал етпек.
Сондай-ақ осы бағытты дамыту үшін Қазақстан, Иран, Түрікменстан және Ресеймен 2024-2025 жылдарға арналған «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің шығыс маршрутының әлеуетін синхронды дамыту бойынша Жол картасына қол қойылды. Осы құжатты іске асыру 2027 жылға қарай дәліздің өткізу қабілетін жылына 15 миллион тоннаға дейін, ал 2030 жылға қарай 20 миллион тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Нәтижесінде Парсы шығанағы порттарындағы терминалы бар және одан әрі Үндістанға шығатын «Солтүстік-Оңтүстік» көлік дәлізінің әлеуеті артып, еліміздің экономикалық дамуының локомотивтерінің біріне айналуы мүмкін.
– Біз «Солтүстік-Оңтүстік» бағыты бойынша жүк тасымалы бірнеше есе артады деп күтудеміз. Ақтау порты қазір бұл көлік дәлізінде Қазақстан мен Иран арасындағы сауда-саттықтың аймақтық орталығы іспетті. Астық пен құрылыс материалдары тасымалданады. Көлік дәлізі дамығанда Иран транзиттік елге айналып, жүктер біздік порт арқылы оңтүстік-шығыс Азияға, Үндістан мен Шығыс Африкаға, Парсы шығанағы елдеріне тасымалданады, - дейді Ақтау теңіз портының басшысы Абай Түрікпенбаев.
Форумда теміржол және автомобиль жолдарын, сондай-ақ «Солтүстік-Оңтүстік» көлік дәлізінің негізгі қатысушылары үшін порттарды дамытудың өзекті мәселелері талқыланып жатыр.