Ақтауда спортшы қыздың өліміне қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды
Ақтауда Валерия Шальнованы өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды. Бұл туралы Маңғыстау облыстық прокуратурасының баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Іс ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 10-тармағы (зорлау және кісі өлтіру), 191-бабы 1-бөлігі (тонау) және 121-бабы 1-бөлігі (жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер) бойынша жолданған.
- ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 24-бабына сәйкес істі дұрыс шешу және мән-жайды жан-жақты, толық және объективті зерттеу үшін заңда көзделген барлық шаралар қабылданды. Тергеу мүддесіндегі басқа ақпарат жариялауға жатпайды, делінген баспасөз мәліметінде.
Еске салсақ, биыл 2 шілде күні 21 жастағы спортшы қыз Валерия Шальнованың денесі Ақтаудағы су каналының маңынан табылған еді.
Қылмыстық іс осыған дейін бірнеше рет қайта сараланған.