Ақтауда теңізге секірген жігітті дәрігерлер аман алып қалды

None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Бүгін, 1 қаңтарда Маңғыстау облысының шұғыл және жедел медициналық жәрдем станциясына (103 қызметі) шақырту түскен. Белгілі болғандай, спирттік ішімдік ішкен 30 жастағы қала тұрғыны Каспий теңізіне секіріп, суға батып кете жаздаған, деп хабарлайды egemen.kz сайты Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға Ақтау қаласында 4-шағынаудандағы «Тастақты соқпақ» (Скальная тропа) аумағында орын алған. «Жедел жәрдем» бригадасы оқиға орнына 4 минутта жеткен.

Алдын ала «Аспирациялық синдром» диагнозы қойылған. Баспасөз қызметінің мәліметінше, бригада құрамында болған дәрігер Әйгерім Сали мен фельдшер Самат Темірхановтың жедел әрекет етуінің және кәсібилігінің арқасында теңізге батуға сәл қалған азамат аман қалды.

«Жедел жәрдем» бригадасы келе салысымен алгоритм бойынша 10 минут ішінде жүрек-өкпе қызметіне реанимация жасады. Шұғыл әрекеттің арқасында беті бері қараған жігіт облыстық ауруханаға жеткізілді. Ауруға инемен тамшылатып дәрі енгізілді, жалпы қан талдауы, биохимия, құрсақ қуысына УЗИ жасалынды.

Хирург-терапевт және травмотолог қарап, қажетті дәрі-дәрмегін жазып берген соң ауруханада жатып ем алудан бас тартып, өз еркімен үйіне қайтып кеткен.

Айта кету керек, не себепті оның суға секіргені әзірге белгісіз және бұл мәселенің мән-жайын ендігі жерде полиция органдары анықтамақ.