Ақтауда теңіздің жағалауынан өлі аққу табылды

Фото: Фото: тұрғындардан

АҚТАУ. KAZINFORM – Бұл туралы тұрғындар әлеуметтік желіде жазған. Айтуларынша, 4А шағын аудандағы «Жартас соқпақтары» жағалауында бір аққу өліп жатыр, тағы біреуі әлсіреп, ұша алмай жүр. 

– Жергілікті тұрғындарға бұл ауыр тиеді. Құстардың, итбалықтардың өлімі жиілеп кетті. Қанаттылардың өлімін мамандар табиғи жағдай деп жылы жаба салады. Бұл дұрыс емес, тексеріп, себебін анықтау қажет, - дейді әлеуметтік желіде пікір қалдырған Анатолий есімді тұрғын.

Фото: тұрғындардан

Маңғыстау облыстық экология департаментінің хабарлауынша, 20-наурыздағы суды сынау хаттамасына сәйкес, Каспий теңізі суының құрамынан ластаушы заттар табылмаған. 

– 4А шағын аудандағы жағалаудан табылған өлі аққуға қатысты мамандар су сынамаларын қайтадан алып, оның құрамына химиялық талдау жүргізеді, - делінген хабарламада. 

Бұған дейін, Ақтауда 1-шағын аудан жағалауында және «Көк шығанақ» жағажайында құстар өліп жатқаны туралы жазған едік.