Ақтау қаласының 3-шағынауданындағы үйлерді жаңарту өткен жылы басталған. Бұрын бұл бағдарлама «Апатты үйлер» деп аталатын. 3-шағынаудандағы реновация жұмысына жауапты мекеме — «Құрылыс строй сервис» ЖШС.
Серіктестік 2014-2020 жылдары «Апатты үйлер» бағдарламасы бойынша 3-шағынауданда тозығы жеткен 15 екі қабатты үйді сүріп, оның орнына 7 үй салған.
Биыл бұл мекеме 56 пәтерлік 2 тұрғын үй салды. Бұл үйлерге ескірген бес баспананың тұрғындары көшірілді.
Серіктестік директоры Бекмұрат Сақтағанов қала әкімінен реновация арқылы салынған тұрғын үйлердің инфрақұрылым мәселесін шешуді сұрады.
— 2022-2026 жылдар аралығында реновация бағдарламасы аясында 3-шағынаудандағы 15 тозығы жеткен тұрғын үйді сүріп тастау қажет. Оның орнына 590 пәтерлік 9 тұрғын үй салынады. Оның екеуінің құрылысы биыл аяқталды. Бұл жұмыс кезең-кезеңімен жүргізіледі. Реновация жүргізбес бұрын тозығы жеткен екі қабатты үй тұрғындарының пікірін білу үшін арнайы сауалнама алынды. Сол сауалнамаға қарай тұрғын үйдің жобасы жасалды. Ендігі кезекте инфрақұрылым мәселесін шешіп беруіңізді сұраймын, — деді «Құрылыс строй сервис» ЖШС директоры Бекмұрат Сақтағанов.
Қала әкімі аталған нысандағы инфрақұрылым мәселесін шешуді жауапты мекемелермен бірге қарастыратынын жеткізді.
— Ақтау қаласы бойынша ескі үйлерге техникалық сараптама жүргізіліп жатыр. Баспанасы тозған тұрғындарға екі ұсыныс бар. Оның бірі — үйді жөндеуге арналған қайтарымды қаражат бойынша «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы, екіншісі — реновация. Реновация — тұрғындар үшін өте тиімді бағдарлама. Ал инфрақұрылым мәселесі «КЖСА» МКК және «АЭЖБ» мекемелерімен бірлесіп шешіледі, — деді Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев.
Ал биыл 3-шағынауданда реновация бағдарламасы бойынша 190 пәтерлік екі тұрғын үйдің құрылысы басталады.