Ақтауда үлескерлер қаржы салған 6 үйдің құрылысы бітпей тұр

Фото: Фото: БҚО құрылыс басқармасы

АҚТАУ. KAZINFORM - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңес барысында Ақтауды жылумен қамту және тұрғын үйлерді жаңғырту мәселесіне назар аударды.

– Қазір Ақтауға жылуды «МАЭК» компаниясы береді. Бірақ облыс орталығы тез өсіп жатыр. Қаланы жылумен толық қамтамасыз етуге кәсіпорынның қуаты жетпейді. Былтыр Ақтауда ұзындығы 12 шақырым болатын жылу желісі салынып, жаңғыртылды. Нәтижесінде қалаға жылудың дұрыс жетуіне мүмкіндік туды. Осы бағыттағы жұмысты жалғастыру керек. Былтыр облыста 846 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл – жоспардан 20 пайызға артық. Дегенмен облыстағы тұрғын үй қорының 7 пайызы әбден ескірген, - деді Президент.

Мемлекет басшысы келтірген деректер бойынша, қалада көп пәтерлі 177 үй күрделі жөндеуді қажет етеді. Сондықтан тұрғын үйлерді жаңғырту мәселесіне айрықша назар аудару керек.

- Маған түскен ақпарат бойынша Ақтауда үлескерлер қаржы салған 6 үйдің құрылысы бітпей тұр. Орынсыз, яғни бей-берекет салынған құрылыс нысандары да бар. Бұл мәселелерді шешу үшін Үкімет әкімдікпен бірге нақты шаралар қабылдауы керек, - деп ескертті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осыған дейін Тоқаев туризмнің қарқынды дамуына жол ашатын бағыттарды атады.