Ақтауда үлескерлерден заңсыз 400 млн теңге жинап алған ЖШС басшысына қатысты тергеу жүріп жатыр

Ақтауда «Атамекен» тұрғын үй кешені аяқталмаған объектісі салымшыларының сеніп тапсырылған ақшалай қаражатын иемдену және талан-таражға салу фактісі бойынша «Багис» ЖШС басшылығына қатысты қылмыстық істің тергеуі жалғасуда.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Бұл туралы Kazinform Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Тергеу барысында ЖШС директоры 2017 жылдың наурызы мен 2022 жылдың қыркүйегі аралығында тұрғын үй кешені құрылысын аяқтаймын деген сылтауымен 119 үлескердің 400 млн теңгеге жуық ақшасын иемдегендігі анықталды.

ЖШС басшысына қатысты «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша тергеу жүріп жатыр, сондай-ақ қосымша сот сараптамалары жүргізіледі, оның нәтижесі бойынша күдіктінің іс-әрекеттеріне түпкілікті құқықтық баға берілетін болады.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес тергеу мүддесінде өзге ақпарат жария етілуге жатпайды.

«ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі»,-делінген хабарламада.