Ақтауда «ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІ» республикалық экспедициясы басталды (ФОТО)

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтау қаласының мемлекеттік рәсімдер алаңында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІ» республикалық тарихи-мәдени экспедиция басталды. Экспедиция 6 облыстың аудандары мен қалалары арқылы өтеді.

«Экспедиция құрамына Қазақстан халқы Ассамблеясының және Маңғыстау облысы бойынша «Нұр Отан» партиясы филиалының мүшелері, ғалымдар мен өлкетанушылар, аймақтың этномәдени бірлестіктерінің өкілдері, жастар кірді. Үш күн ішінде олар Қарақия, Түпқараған және Маңғыстау аудандарында болып, сирек кезесетін тарихи ескерткіштер және сәулет ғимараттары туралы ақпараттар жинайды. Өлкенің тарихи мұралары туралы жиналған материалдар бірегей күнделік-кітапқа кіреді, оны қатысушыар бүкіл бағдар бойы толтырып отырады», - деді Маңғыстау облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылық меңгерушісі Гүлжан Есмұрзина.

Экспедиция Маңғыстаудан бастау алып, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда облыстарына жол тартады. Бағдардың соңғы нүктесі Оңтүстік Қазақстан облысы болмақ, одан әрі Тараз бен Мерке қалаларынада болады.

15 қыркүйекте «экспедиция символы» - күнделік-кітап Атырау облысының тұрғындарына тапсырылады.