Ақтау тұрғынының балконда тұрып көшеге оқ атқан әрекетін жанындағы өзге адам видеоға түсірген. Кейін ол ақтаулықтың Инстаграмдаға жеке парақшасында жүктеліп, оған: «Көңіл-күйің нашар болғанда, ішіңдегіні осылай шығару керек», - деген жазба қалдырылған.
Облыстық Полиция департаментінің ақпаратына сәйкес, оқиға 16 сәуір күні сағат 21:45-те 32Б шағынауданында болған.
«Үйін тінту кезінде патрондары бос Калашников автоматы, жарық және дыбыстық сүйемелдеуі бар Макаров тапаншасы, пневматикалық винтовка табылып, тəркіленді. Дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабы 3-бөлігімен тіркелді. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде», - деді департаменттен.
Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің 287-бабының 3-бөлігі 5 мың АЕК-ке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуды, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартуды, болмаса бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуді, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруды көздейді.