Ақтауда ыстық су беріле бастады

АҚТАУ.ҚазАқпарат – Ақтаудың үйлеріне бүгін ыстық су толықтай беріле бастады. Кеше күндіз ауыз судың мәселесі шешілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтаулықтар бір апта бойы ыстық сусыз отырды. Жылумен қамтамасыз ету үшін ыстық суды уақытша өшіруге мәжбүр болғанын жазған едік.

Мәселе «Маэк- Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-дағы 6 қондырғының біреуінің істен шығуынан болған. Сол үшін кәсіпорын 4-желтоқсаннан бері су мөлшерін көтеру мақсатында ауыз судың қысымын төмендетіп, ыстық су беруді толықтай тоқтатқан еді. Бірнеше күн бұрын ыстық сумен қамтамасыз ету үшін резевуарларға су жинап жатқанынан хабардар еткенбіз

Бүгін кәсіпорын жұмысы штаттық режимге көшіп, қалаға ауыз су да, ыстық су да толық тарай бастады.

«Қазір кәсіпорын штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Ауыз су мен ыстық судың қысымы тиісті деңгейде берілуде. Тұрғын үйлерге қызмет көрсететін ұйымдар сумен қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізу үстінде», - деді «МАЭК» ЖШС қоғаммен байланыс бөлімінің маманы Гүлбаршын Байназарова.

Ыстық су бұрынғыша беріліп жатыр. Тек әр үйдің қызмет көрсетуші мекемесі жертөледен құбырды қосып, әрі қарай пәтерлердің сумен қамтылуына мүмкіндік жасайды. Ал оны тұрғын үй инспекциясы мамандары қадағалауға алған.


Фото: www.phcppros.com