Ақтауда заңсыз салынып жатқан тұрғын үй кешені бұзылды

Тексеру нәтижелері тұрғын үй кешені жұмыс жобасынсыз және сараптаманың оң қорытындысын алмай салынғанын көрсетті, деп хабарлайды Kazinform Маңғыстау облыстық Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.

Фото: Kazinform

Орталықтың хабарлауынша, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы осы құрылысты заңсыз деп тану туралы талапты қанағаттандырған сотқа жүгінген.

Маңғыстау облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының ақпараты бойынша, құрылысқа қажетті рұқсатнама құжаттарынсыз және жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталмай жүргізілген. Бұл «Қазақстан Республикасындағы сәулет қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңына қайшы (68-бап).

Құрылыс салушыға құрылыс-монтаж жұмыстарын тоқтата тұру туралы нұсқама берілді және ҚР ӘҚБтК-нің 316, 321 және 463-баптарына (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекс) сәйкес әкімшілік жазалау шаралары қабылданды.

- Ақтауда қажетті рұқсатнама құжаттарынсыз заңсыз салынған құрылыс нысандары қатаң тексерілуде. Көптеген талап арыздар заңсыз құрылысты тоқтату мақсатында сотқа жіберілді. Сондай-ақ, қолданыстағы заңнамаға сәйкес мәжбүрлеп бұзу шаралары қабылданады, - деді Маңғыстау облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Дәурен Өтепқали.

Маңғыстау облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы заңсыз құрылыстарды сүру мақсатында Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында сот рәсімдеріне бастамашылық жасады.