Ақтауда Жаңаөзен оқиғасына қатысты сот талқылаулары процеске барлық қатысушылардың құқығын сақтай отырып, қалыпты жағдайда өтуде

None
АҚТАУ. 3 cәуір. ҚазАқпарат - Ақтауда бүгін 2011 жылдың 16-17 желтоқсанында Жаңаөзен қаласында орын алған жаппай тәртіпсіздік оқиғасына қатысты қылмыстық іс бойынша алтыншы сот отырысы жәбірленушілерді сұраумен басталды.

Сот отырысының басында қорғаушы Г.Жуасбаеваның өтінішімен сотталушы Қ.Қойшыбаевтың денсаулығының нашарлауына байланысты жедел жәрдем шақырылып, оған тиісті көмек көрсетілді. Дәрігерлер қорытындысына сай, сотталушы Қ.Қойшыбаевтың денсаулығы сот отырысына қатысуға ешқандай кедергі келтірмейді.

Бүгінгі сот отырысы барысында 17 жәбірленуші сұралды. Жалпы алғанда күні бүгінге дейін 104 жәбірленушіден жауап алынды. Олар Жаңаөзен қаласында орналасқан екінші деңгейлі банктердің, жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың өкілдері.

Сот талқылаулары процеске барлық қатысушылардың құқығын сақтай отырып, қалыпты жағдайда өтуде.

Заң талаптарына сай, процеске қатысушылар, сотталушылардың туыстары, халықаралық және республикалық қоғамдық ұйымдардың өкілдері процесті сот залында және арнайы жабдықталған қосымша залдан  бақылауда.

Келесі сот отырысы ертең сағат 10.00-ге тағайындалды.