Ақтауда жас әскери ұшқыш әуе шекарасын қорғап жүр

АҚТАУ. KAZINFORM — Аспанда қалықтаған тікұшақты көргенде, көпшілік оның артында қаншама еңбек пен үлкен жауапкершілік тұрғанын аңғара бермейді. Қорғаныс пен қауіпсіздік саласында әскери авиация — ең маңызды әрі шешуші күштердің бірі.

Фото: Әли Орынбаев

Осындай күрделі техниканы әуеде еркін меңгеру тыңғылықты дайындықты, жоғары шеберлік пен төзімділікті талап етеді. Осындай жауапты саланы таңдаған жас мамандардың бірі — ұшқыш Әли Орынбаев. Ол — екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері Әскери институтының түлегі.

Фото: Әли Орынбаев

Бүгінде Ақтау қаласындағы авиациялық базада орналасқан № 30153 әскери бөлімінде қызмет атқарып, еліміздің әуе шекарасын қорғауға үлес қосып келеді.

Ақтөбе қаласының тумасы, жас ұшқыш, аға лейтенант Әли Орынбаев тікұшақпен 350 сағаттан астам әуеде ұшқан. Әскери ұшқыштар үшін бұл — елеулі тәжірибе көрсеткіші. Ол оқу барысында-ақ ұшу машықтарын меңгеріп, бүгінге дейін Ми-8, Ми-17 және Ми-171Ш тікұшақтарын басқарған.

Әли өз өмірін ерте жастан-ақ авиация саласымен байланыстырады. Ол бала күнінен көк жүзіне көз тігіп, қалықтаған ұшақтарға қызыға қарап, сол биікті бағындыруды армандап өскен.

Фото: Әли Орынбаев

— Әкем — Әуе қорғанысы күштері Әскери институтының 2001 жылғы түлегі. Анам да осы әскери салада қызмет етеді, ал әкем ұзақ жылдар бойы аталған институтта еңбек етті. Мені жиі аэродромға ертіп апарып, ұшақтар мен тікұшақтардың әуеге қалай көтерілетінін көрсететін. Сол сәттерден бастап авиацияға деген ерекше қызығушылығым оянып, болашағымды осы саламен байланыстыруға нық шешім қабылдадым. Әкемнің ізін қуып, 2019 жылы әскери әуе оқу орнына түстім. 2023 жылы Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институтын мемлекеттік авиацияда әуе кемелері мен тікұшақтарды ұшу арқылы пайдалану мамандығы бойынша тәмамдап, лейтенант әскери атағын иелендім, — дейді Әли.

Жас офицер тек жауынгерлік дайындықпен ғана емес, төтенше жағдайлар кезінде де белсенділік танытып келеді. Ақтөбе өңіріндегі су тасқыны кезінде әскери ұшқыштар апат аймағына алғашқылардың бірі болып жетіп, құтқару жұмыстарына қатысқан. Әли Орынбаев та экипаж құрамында болып, зардап шеккен тұрғындарды эвакуациялауға, гуманитарлық көмекті жеткізуге атсалысты. Осы еңбегі үшін ол Әуе қорғанысы күштері Бас қолбасшылығының Алғыс хатымен марапатталған.

Фото: Әли Орынбаев

— Бұл — бүкіл экипаждың ортақ еңбегі. Сол сын сағатта ел сенімін ақтау — біз үшін ең басты міндет. Бұл тәжірибе маған авиацияның тек әскери міндеттерді орындауда ғана емес, халыққа көмек көрсетуде де аса маңызды екенін ұқтырды. Мұндай гуманитарлық жұмыстар — атқаратын қызметіміздің бір қыры ғана, ал ел мүддесіне қатысты тапсырмалар бұдан да ауқымды, — дейді ол.

Ұшқыштың айтуынша, әуеге көтерілу барысында қауіпсіздік басты орында тұрады.

— Ұшу кезінде әуе кемесінің техникалық жағдайы, экипаждың үйлесімді жұмысы және ауа райы — негізгі факторлар. Әскери тапсырмаларды орындауда уақыттың да маңызы зор. Әр шешім нақты әрі жедел қабылдануы тиіс, — дейді ол.

Фото: Әли Орынбаев

Әскери авиацияда жауапкершілік пен тәртіп бөлек. Мұнда әр ұшу жай ғана рейс деп түсіндірілмейді, ол нақты тапсырма болып жүктеледі. Әр бұйрықтың артында мемлекет мүддесі тұрады. Олар арнайы тапсырма орындап, төтенше жағдайларда жұмылып жауапты міндеттерді атқарады. Кейде уақытпен жарысады, кейде күрделі метеожағдайда жұмыс істейді. Әр көкке көтерілу кәсібилікпен қатар мінезді де сынайды.

— Менің жұмысымда сенім өте маңызды рөл атқарады. Ең алдымен, командирге деген сенім берілген тапсырманың дұрыс жоспарланғанына және оның орындалу мақсатына толық көз жеткізуге мүмкіндік береді. Техникаға деген сенім де аса маңызды, себебі әуе кемесінің сенімділігі мен жарамдылығы ұшу қауіпсіздігінің негізі. Дегенмен бұл сенім әрдайым мұқият тексерумен және бақылаумен қатар жүреді. Ал өз-өзіңе деген сенім — дұрыс әрі жедел шешім қабылдаудың кепілі. Әскери ұшқыш ретінде барлық жағдайда сабыр сақтап, алған білім мен тәжірибеге сүйене отырып, әрекет ету қажет. Осы үш сенім бір-бірімен тығыз байланысты және қызметтің табысты орындалуына негіз болады, — дейді жас ұшқыш.

Ел тыныштығын қорғауда авиацияның рөлі аса маңызды. Авиация әуе шекарасын бақылап, кез келген қауіптің алдын алу мүмкіндігін береді. Ол ақпарат жинау, жауынгерлік және қорғаныс тапсырмаларын орындау арқылы жердегі күштердің әрекетін толықтырады. Сонымен қатар авиация төтенше жағдайларда жедел әрекет етіп, стратегиялық нысандарды қорғауға, азаматтарды эвакуациялауға және қауіп-қатерді болдырмауға мүмкіндік береді.

Фото: Әли Орынбаев

— Қиын шешім қабылдауда көбіне біліміме, тәжірибеме және жағдайдың нақты сипаттамасына сүйенемін. Ұшқыш үшін эмоция мен бір сәттік пікірлерге сену қауіпті, сондықтан әр әрекет логикалық, кәсіби негізде және қауіпсіздік талаптарына сәйкес болуы тиіс. Сонымен қатар экипаж мүшелерімен өзара түсіністік пен тәжірибе алмасу да маңызды. Қиын жағдайда әрбір ақпаратты салыстырып, мүмкіндіктерді бағалап, ең дұрыс шешімді тез әрі сенімді түрде қабылдауға тырысамын, — дейді Әли Орынбаев.

Сонымен қатар Әли Орынбаев Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің амбассадоры ретінде әлеуметтік желілерде белсенді. Ол Instagram және TikTok платформаларында әскери қызметтің ерекшеліктерін таныстырып, жастарды Отан қорғауға үндеп жүр. Осы бағыттағы еңбегі үшін Қорғаныс министрлігі тарапынан марапатталған.

Фото: Әли Орынбаев

— Ұшқыш болу — тек мамандық емес, үлкен жауапкершілік. Әр ұшудың артында ел сенімі тұр. Сондықтан әр тапсырманы барынша дәл әрі кәсіби орындауға тырысамын, — дейді жас офицер.

Әли Орынбаев алдағы уақытта әуе қорғанысы күштері саласында жоғары жетістіктерге жетіп, елге адал қызмет етуді мақсат етеді.

Бұған дейін, ақтаулық криминалист — Ханшайым Бекболатованың қызметі туралы жазған болатынбыз.